18 мамыр — Халықаралық музейлер күні.
18 мамыр — Халықаралық музейлер күні. Мерекеге орай бүгін Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақ ашық аспан астындағы этно-музейге айналды. Мұнда «Ұлы дала шеберлері» халықаралық фестивалі өтіп, қонақтарға ғасырлар бойы сақталған ұлттық қолөнердің жасалу процесі таныстырылды.
Фестиваль аясында Алматы облысы музейлері бірлестігінің қорында сақталған сирек әрі құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер Жамбыл Жабаевтың үй-музейінен жеткізілген әрі жыр алыбының өзі пайдаланған тұрмыстық бұйымдарды, сақ дәуірі мәдениеті мен дүниетанымын айшықтайтын археологиялық жәдігерлерді, б.з.д. V–IV ғасырларға жататын көне қыш ыдыстар коллекциясын,«Алтын адам» экспозициясын, сондай-ақ XX ғасырдағы магнитофондар, кинопроекторлар мен бейнекамералар секілді көне радиотехникаларды тамашалады.
Биыл фестиваль қазақтың белгілі этнографы әрі ұста Дәркембай Шоқпарұлының 80 жылдығына арналады. Шараға оның шәкірттері мен ізбасарлары, сондай-ақ шетелдік қолөнершілер қатысты.
