Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Райымбек ауданының 90 жылдығы аясында Шәлкөде...
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Райымбек ауданының 90 жылдығы аясында Шәлкөде жайлауында «ХАНТӘҢІРІ ҚАЗЫНАСЫ» халықаралық этно-фестивалі өтті.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев арнайы қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауян жеткізді.
Мерекелік шарада Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы аудан тұрғындарын Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, өңірдің тарихы мен бүгінгі жетістіктерін атап өтті.
Этно-фестиваль аясында әлемнің әр түкпірінен келген қолөнер шеберлерінің туындылары, Алматы облысы музейлер бірлестігінің көрмесі, сондай-ақ, халықаралық суретшілер пленэрі бойынша сурет көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, келушілер қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль аясындағы мерекелік концертте Алматы облысының өнерпаздары мен қазақ эстрадасының жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова, Nurbullin, Диана Исмаил, Ғазизхан Шекербек өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Тарихы терең, табиғаты көркем Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!
